Ящурдың алдын алу — бұл үй және жабайы айыр тұяқты жануарлардың жедел өтетін, вирусты ауруы. Ауру барысында дене қызуы көтеріліп, ауыз қуысының сілемейлі қабығында, желін мен аяқ терісінде афталық (күлдіреуік) жаралар пайда болады.
Көбінесе ірі қара мал мен шошқа ауырады, ал қой, ешкі және жабайы айыр тұяқтылар азырақ бейім келеді. Жас малдар тез жұқтырады және ересектерге қарағанда ауруды ауыр өткереді. Ящурмен адамдар да ауыруы мүмкін.
Ауру қоздырғышы — вирус. Ол жоғары температураға төзімсіз: 60 градусқа дейін қыздырғанда, ультракүлгін (УК) сәулелер мен кәдімгі дезинфекциялаушы заттардың әсерінен тез жойылады. Вирустың сыртқы ортада сақталуына төмен температура, жоғары ылғалдылық және нысандардың бейтарап ортасы ерекше қолайлы жағдай туғызады. Вирустың бір типімен ауырған жануарлар оның басқа типін жұқтырған жағдайда қайта ауыруы мүмкін.
АУРУДЫҢ КӨЗІ — ауру малдар, соның ішінде аурудың инкубациялық (жасырын) кезеңіндегі жануарлар. Бұл кезең әдетте 1 күннен 7 күнге дейін, кейде 21 күнге дейін созылады. Мұндай жануарлар вирусты сыртқы ортаға афта ішіндегі сұйықтықпен және оның қабыршағымен, сүтпен, сілекеймен, деммен, зәрмен және тезекпен бірге бөледі. Нәтижесінде жайылымдар, қора-жайлар, құрал-саймандар, су көздері, жем-шөп және көлік құралдары ластанады. Жұғу процесі ауыз қуысының сілемейлі қабығы арқылы, сондай-ақ ластанған жем-шөп пен суды ішіп-жегенде және әртүрлі инфекцияланған заттарды жалағанда жүреді.
Ящурмен ауырып жазылған, сондай-ақ ящурға қарсы егілген және ауру малдармен бірге ұсталған кейбір жануарлар ұзақ уақыт бойы вирус тасымалдаушы болып қалуы және инфекцияның әлеуетті көзіне айналуы мүмкін.
Аурудың сау жануарларға жұғуы ящурмен ауырған малдан алынған зарарсыздандырылмаған өнімдер мен шикізат арқылы жүреді. Сондай-ақ ауру малдың бөлінділерімен ластанған жем-шөп, су, төсеніш, күтім құралдары, адамдардың киімі мен аяқ киімі, вирус ұзақ уақыт сақталатын көлік құралдары арқылы да берілуі мүмкін.
Ящурды емдейтін арнайы дәрі-дәрмек жоқ. Жануарлардың иммунитетін көтеру үшін дәрумендердің кешенді препараттарын, иммуномодуляторларды және шартты-патогенді микрофлораны басу үшін әсері кең ауқымды антибиотиктерді қолдануға болады.

Қаралым саны: 19