Күзгі — қысқы кезеңде жабайы жануарлардың маусымдық көші-қонына байланысты құтыру ауруының таралу қаупі артады. Осыған орай, жануарлар мен адамдар арасында қауіпті жұқпалы аурудың алдын алу шараларын күшейту маңызды.
Құтыру – жануарлар мен адамдардың орталық жүйке жүйесін зақымдайтын, аса қауіпті вирустық жұқпалы ауру. Ауру клиникалық белгілері пайда болғаннан кейін көп жағдайда өліммен аяқталады. Сондықтан оның алдын алу – адам өмірі мен жануарлардың денсаулығын қорғаудың басты жолы.
Жабайы жануарлардың көші — қоны кезінде құтыру ауруының таралу қаупі неліктен артады?
Маусымдық көші-қон кезеңінде түлкі, қасқыр, жанат тәрізді ит және басқа да жабайы жыртқыш жануарлар азық іздеп елді мекендерге, мал қораларына және шаруашылық аумақтарына жақындауы мүмкін.
Жабайы жыртқыш жануарлар құтыру вирусының табиғи тасымалдаушыларының бірі болып табылады. Ауру жұқтырған жануарлардың үй жануарларымен немесе ауыл шаруашылығы жануарларымен байланысы инфекцияның таралуына себеп болуы мүмкін.
Вирус көбінесе ауру жануардың тістеуі, тырнауы немесе сілекейінің зақымдалған теріге және шырышты қабаттарға түсуі арқылы жұғады.
Құтыру ауруының алдын алу шаралары
Аурудың таралуына жол бермеу үшін үй және ауыл шаруашылығы жануарларының иелері төмендегі талаптарды сақтауы қажет:
- Иттерді, мысықтарды және ауыл шаруашылығы жануарларын құтыруға қарсы уақтылы профилактикалық вакцинациядан өткізу.
- Үй жануарларын қараусыз, еркін жібермеу.
- Жануарларды жабайы және қаңғыбас жануарлармен байланыста болдырмау.
- Мінез — құлқы өзгерген, адамдардан қорықпайтын немесе елді мекендерге жақындаған жабайы жануарларға жақындамау.
- Күдікті жабайы жануарларды өз бетінше ұстауға немесе қууға әрекет жасамау.
- Өлі жабайы жануарларды көрген жағдайда оларға қол тигізбей, дереу ветеринариялық қызметке хабарлау.
- Жануарларда ауру белгілері байқалған жағдайда ветеринариялық мамандарға шұғыл хабарлау.
Жануар тістеп алған жағдайда не істеу керек?
Егер адамды белгісіз, жабайы немесе күдікті жануар тістеп алса не тырнап кетсе, жарақат орнын дереу ағынды сумен және сабынмен кемінде 15 минут бойы мұқият жуу қажет. Одан кейін шұғыл түрде медициналық көмекке жүгініп, құтыруға қарсы екпе алу қажеттілігі туралы дәрігердің нұсқауын орындау керек.
Аурудың белгілері пайда болғанын күтудің қажеті жоқ!
Үй немесе ауыл шаруашылығы жануарларында құтыру ауруына күдік туындаған жағдайда ветеринариялық қызметке дереу хабарлап, жануарды адамдармен және басқа жануарлармен байланыстан оқшаулау қажет.
Вакцинация – құтыру ауруынан қорғанудың басты жолы!
Ғ. Мүсірепов ауданының ветеринариялық қызметі жануарлар арасында құтыру және басқа да аса қауіпті аурулардың таралуына жол бермеу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
Құрметті аудан тұрғындары!
Үй жануарларын жауапкершілікпен күтіп-ұстауға, оларды құтыру ауруына қарсы уақытылы вакцинациялауға және жабайы жануарлармен байланысқа жол бермеуге шақырамыз.
Естеріңізде болсын: құтыру ауруының алдын алу – ветеринариялық мамандардың ғана емес, әрбір жануар иесінің және жалпы қоғамның ортақ міндеті.
Өз денсаулығыңызды, жақындарыңыздың және жануарларыңыздың өмірін қорғаңыз! Құтырудың алдын алу өз қолымызда!

Қаралым саны: 6